ОРАЛМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

 

ОРАЛМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

«Руханият» партиясының төрайымы, партиялық тізім бойынша Республика Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа кандидат Алтыншаш Жағанова бастаған бір топ үміткерлер Байзақ ауданыны 87; орталығы Саркемер ауылымен осы ауданға қарасты Түймекент елді мекенінде болып, сайлаушылармен кездесу өткізді.

Түймекент ауыл тұрғындарының басым бөлігін оралмандар құрайды. Кездесуге жиналған қауымның көпшілігі де солар болды. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған Алтыншаш Жағанова «Руханият» партиясының сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламасының басым бағыттары, негізгі мақсат-мүддесі туралы кеңінен баян етті. Сондай-ақ бұл ауданда өткен кездесуге «Руханият» партиясы атынан Парламент Мәжілісіне үміткерлер «Алаш» тарихи-этнографиялық журналының бас редакторы, тарих ғылымының кандидаты, суретші-сәулеткер Хайролла Ғабжалилов, облыстық Көші-қон басқармасының төрағасы Құрманқұл Тоқтағұлов та қатысты. Жиын соңында партияның облыстық сайлауалды штабының ұйтқы болуымен жолға шыққан үгіт автокеруені құрамындағы өнер шеберлері концерт қойды.

Жамбыл облысы.

 

 

«ЗИЯЛЫМА»

Зиялым ауып жатыр Сарай жаққа,

Бұлбұл боп қонды барып талай баққа.

«Нұрлы жол», «Бәйтерек» боп жырлағаны,

Жылыстап жетіп жатыр баққа, таққа!

Ішінде сусылдаған сынап барын,

Білмеппіз зиялыны сынап бәрін.

«Жер сату – ана сату» деп кіжіңген,

Кәнеки сол зиялы сымақтарың?!

Жегендер миллиардтап бастық болды,

Жемеген олар үшін қастық болды!

Жайылып, жайлы төсек – жастық болды.

«Бақай мен «Шаңырақтан» ұялды ма,

Құтырған бульдозерді тыя алды ма?!

Селт етпей қарап тұрған осылардың –

Білмеймін зиялы ма, зиянды ма?!

Төбеден тыжырайып қарағандар,

Өз елін қара тобыр санағандар.

Кім десең, зиялым деп жүргендерім –

Сарайдың сар табағын жалағандар.

Қанаты қазағымның қайрылғандай,

Алдаспан жүзі кетіп майрылғандай.

Ерлерім ар-намыстан ада болып,

Зиялым ұятынан айрылғандай!

Келеді бұл сананы сеңдей бұзғым,

Бәрібір үмітімді келмейді үзгім.

Халық жоқ қаһарланса қазағымдай,

Ерен жоқ ерлік десе елдей біздің.

Тек кетпес бабалардың сан ғұмыры,

Түлетер текті түздің таңғы нұры.

Жабықсам желпіндіріп, Желтоқсанның

Жетеді құлағыма жаңғырығы.

Қалқан ғып кеудесінің от-айбарын,

Биліктің місе тұтпай қоқайларын.

Елім деп отқа түскен арамызда,

Әлі де бар Мұстафа Шоқайларың!

 Амангелді Тәжібаев, кинорежиссер,

«Руханият» партиясының тізімімен

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаттығына тіркелген

Кандидат

Leave a Reply

You must be logged in to post a comment.